Тасқала ауданының әкімдігі
091000, БҚО, Тасқала ауданы, Тасқала ауылы, Абай көшесі 23

«Қолжетімді әкімдік»

Егер бір кездері сізді мінез-құлқыңыз бен балаға деген көзқарасыңыз үшін заңды түрде ата-ана құқықтарынан айырса, толық құқылы ата-ана болуға әлі де мүмкіндігіңіз бар. Бұл үшін не істеу керектігін осы мақалада оқи аласыз.

Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексіне сәйкес, егер ата-аналар мiнез-құлқын, тұрмыс салтын және бала тәрбиесіне көзқарасын өзгерткен болса, сот олардың ата-ана құқықтарын қалпына келтiруi мүмкiн.

Бұл ретте, 10 жасқа толған балаға қатысты ата-ана құқықтары оның келiсiмiмен ғана қалпына келтiріледі. Осылайша, сізге ата-ана құқықтарын қайтаруға мүмкіндік беріледі, алайда ең күрделісі – баланың жоғалтқан сенімін қайтару.

Ата-ана құқықтарын қалпына келтiру ата-ана құқықтарынан айырылған ата-ананың өтініші бойынша сот тәртiбiмен жүзеге асырылады. Ата-ана құқықтарын қалпына келтiру туралы iстер ата-ананың, Тасқала ауданы Білім басқармасының қамқоршылық және қорғаншылық органы, сондай ақ Тасқала аудандық прокуратурасы өкілдерінің қатысуымен қаралады. Егер сіз ата-ана құқықтарын қайтаруға ниетті болсаңыз, онда сотта осы шешімнің саналы екендігін дәлелдеуіңіз тиіс. Мәселен, жұмыс орнынан мінездеме дәлел бола алады. Талап арыз сотта тиісті дәлелдемелермен расталуы қажет. Осы мақсатта талапкер сотқа тұрғылықты жерінен және жұмыс орнынан мінездеме, наркологиялық және психоневрологиялық диспансерде есепте тұрмайтыны туралы мәліметтер береді. Сондай-ақ қамқоршылық және қорғаншылық орган міндетті түрде талапкердің тұрғын үй-тұрмыстық жағдайына баланың қалыпты тұруына жағдай жасау тұрғысынан тексеру жүргізеді. Талапкердің тұрғылықты жерінен мінездемені қолайсыз отбасы бақылауында болған кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспектор береді. Егер ата-ана құқықтарын қалпына келтiру баланың мүдделерiне қайшы болса, сот баланың пiкiрiн ескере отырып, ата-аналардың ата-ана құқықтарын қалпына келтiру туралы талап-арызын қанағаттандырудан бас тартуға құқылы.

Есте сақтау маңызды!

Егер бала асырап алынса және асырап алудың күшi жойылмаса, ата-ана құқықтарын қалпына келтiруге жол берiлмейдi.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 62-бабына сәйкес, бала отбасында өз мүдделерiн қозғайтын кез келген мәселенi шешу кезiнде өзiнiң пiкiрiн бiлдiруге, сондай-ақ кез келген сот немесе әкiмшiлiк iсін қарау барысында тыңдалуға құқылы. Бұл өз мүдделерiне қайшы келетiн жағдайларды қоспағанда, он жасқа толған баланың пiкiрi міндетті түрде ескерiлуі тиіс.

Қолдану
Бас тарту